ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЖЫЛЫЛЫҚ: СТУДЕНТТЕР ҰСТАЗДАРЫН ЕРЕКШЕ СҮЙСІНДІРДІ
5 қазан – халықаралық Ұстаздар күніне орай Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде ерекше мерекелік атмосфера орнады. Саналы ғұмырын білім беруге арнаған қадірлі оқытушыларымызды төл мерекесімен құттықтау үшін студенттік белсенділер мен Студенттік Құрылтай мүшелері тосынсый дайындады.

Таңертеңнен бастап университет табалдырығын аттаған әрбір ұстазды студенттер ерекше ықыласпен, жарқын күлкімен қарсы алды. Олар бас ғимараттың кіреберісінде «жанды дәліз» (живой коридор) құрып, құрмет көрсетті. Мұндай ерекше қошеметке бөленген оқытушыларымыздың жүзінде қуаныш ұшқыны ойнап, ерекше көңіл-күйге бөленді.
Мұнымен қоса, жастар әрбір ұстазға ризашылықтың белгісі ретінде нәзік гүл шоқтары мен тәтті шоколадтар үлестірді. Бұл кішігірім сыйлықтар мен студенттердің ақ тілектері ұстаздардың ерен еңбегіне деген шексіз құрметтің айғағы болды.
«Ұстаздарымыздың бізге беретін білімі мен тәрбиесі — өлшеусіз қазына. Бүгінгі таңда біз олардың жүзіне күлкі сыйлап, аз да болса қуантқымыз келді», — деп бөлісті шараны ұйымдастырушы студенттер.
Мерекелік шара ұстаздар қауымына ұмытылмас сәттер мен шабыт сыйлады. Ө.А. Байқоңыров атындағы ЖезУ тәрбие және жастар саясаты орталығы және Студенттік Құрылтай мүшелері барша ұстаздарды мерекесімен құттықтап, денсаулық, шығармашылық табыс және еңбектеріне береке тілейді!
Фотогалерея8
Үлкейту үшін суретті басыңыз